Астанада тіркелмеген 40-тан астам мопед пен электрлі велосипед анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тіркелмеген 40-қа жуық көлік құралы анықталды.

Фото: Астана қаласы ПД

Жедел-профилактикалық іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында өтіп жатыр. Оның барысында мопед пен электрлі велосипед жүргізушілерінің, сондай-ақ жаяу жүргіншілердің жол ережелерін сақтауына ерекше назар аударылып отыр.

Полиция қызметкерлері күн сайын рейдтік және профилактикалық іс-шаралар өткізіп, жол қозғалысына қатысушыларға заңнама талаптары мен оларды бұзғаны үшін көзделген жауапкершілікті түсіндіруде. Ең жиі тіркелетін құқық бұзушылықтар қатарында тіркелмеген мопедтер мен электрлі велосипедтерді пайдалану, жүргізуші куәлігінсіз көлік басқару (міндетті болған жағдайда), мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауы, сондай-ақ жол белгілері, бағдаршам сигналдары және Жол қозғалысы ережелерінің өзге де талаптарын сақтамау бар.

Жедел-профилактикалық іс-шара барысында тіркелмеген 40-қа жуық көлік құралы анықталды. Олардың иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Полиция департаменті көлік құралдарын міндетті түрде тіркеу, заң талаптарын сақтау және жолда жауапкершілікпен әрекет ету қауіпсіздіктің басты шарттары екенін еске салды. Жол қозғалысы ережелерін бұзу жүргізушілердің өзіне де, өзге жол қозғалысына қатысушыларға да қауіп төндіреді.

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Олар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, жол қозғалысы тәртібін күшейтуге және қауіпсіз жүріс-тұрыс мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Айта кетелік электрсамокат пен мопедті кез келген жерге қалдыруға болмайды