Астанада туберкулездің алдын алу бойынша айлық шара басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 24 ақпаннан 23 наурызға дейін Астанада туберкулездің алдын алу айлығы өтеді, деп хабарлады astana.gov.kz.

Шара бүкіл әлемде 24 наурыз күні атап өтілетін Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні қарсаңында өткізіліп отыр. Статистикаға сүйенсек, туберкулезбен ауыратын адамдар саны жыл сайын азайып келеді.

Астана қаласы Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, елордада аталмыш айлық аясында медицина қызметкерлері үшін туберкулезді ерте анықтау және алдын алу бойынша семинар-тренингтер ұйымдастырылады. Қалалық емханалар мен ауруханаларда фтизиатрлар мен басқа да мамандардың қатысуымен ашық есік күндері, Отбасын жоспарлау бойынша денсаулық мектептерінде туберкулездің алдын алу сабақтары, сонымен қатар, тұрғындарды флюорографиялық тексеру жүргізіледі.

Айлық аясындағы іс-шаралар тұрғындарға уақытылы алдын ала тексеруден өтудің маңыздылығын түсіндіруге көмектеседі.