Ұлттық домбыра күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының астаналық филиалы мен Астана әкімдігі қаланың екі перинаталдық орталығында «Бабалардың көзіндей қасиетті Домбыра» қайырымдылық акциясын өткізді. «Аталған акцияның мақсаты - қазақтың ұлттық аспабы домбыраны насихаттау арқылы ұлттық мәдениетті сақтау және жандандыру. Әзірге 00:00 мен 09:00 аралығында Астананың барлық перзентханаларында 29 сәби дүниеге келді», - делінген Астана әкімдігінің ресми сайтында.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде қоғамды одан әрі топтастыру мақсатында шілденің алғашқы жексенбісін - Ұлттық домбыра күні деп белгілеу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.
Аталған құжатқа сәйкес бүгін Қазақстан жұртшылығы Ұлттық домбыра күнін алғаш рет атап өтуде.