Астанада тұмау ауруы қаңтардың екінші жартысында өршуі мүмкін - санэпидқадағалау қызметі
13:23, 06 Қаңтар 2009
АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Елордалық санэпидемиологтар болжауына орай, өткір тыныс жолы вирустық инфекциясы және тұмаумен ауыру қаңтар айының екінші және үшінші онкүндігінде өршуі мүмкін,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Астана қаласының санитарлық-эпидемиялық қадағалау басқармасының соңғы мәліметтері бойынша, бүгінде қаладағы жағдай бірқалыпты. Желтоқсанның 25-і мен 31-і аралығында тіркелген өткір тыныс жолы вирустық инфекциясымен ауыру көрсеткіші 2007 жылдың сәйкес кезеңіндегіден 1,2 есеге төмен. «Қазіргі уақытта күн сайын вирустық инфекцияның 140-тан 200-ге дейінгі оқиғасы тіркелуде. Бұл маусымға тән орташа көрсеткіш. Астанада тұмаумен ауыру оқиғасы әзірге тіркелген жоқ», деді ҚазАқпарат тілшісіне сұхбат берген елордалық санэпидемиологиялық қадағалау басқармасы бастығының орынбасары Сархат Бейсенова. «Біздің болжамымызша, бұл аурулар қаңтар айының екінші және үшінші онкүндігінде өршуі ықтимал. Бұл маусымға тән қалыпты үрдіс», дейді маман. С.Бейсенова ханымның айтуынша, бүгінде Астанада 55 мыңнан астам адам тұмауға қарсы егілген, олардың 8500-і ? жергілікті бюджет есебінен егумен қамтылған. Мамандар астаналықтарға тұмаудың алдын алу үшін мәзірлеріне С витаминіне бай өнімдерді, цитрус жемістері мен фитонцидке бай пияз бен сарымсақ сияқты көкөністерді көптеп қосуға кеңес беріп отыр.