Астанада тұңғыш қазақстандық мессенджер таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде "Айтыс" (iTys) атты тұңғыш қазақстандық мессенджердің таныстырылымы болды.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев пен жоба жетекшісі Дәуіт Шайхисламовтың айтуынша, бұл шартарапқа тарап кеткен Whatsapp-тың қазақстандық баламасы болмақ. Яғни iTys тұңғыш рет қазақстандық мамандар жасап шығарған жедел хабар алмасуға арналған мобильдік қосымша.

"iTys орыс және ағылшын тілдерінде ғана емес, ең бастысы қазақ әліпбиінің барлық әріптерін пайдаланып, мемлекеттік тілде хабар алмасуға болатындығымен ерекшеленеді. Бұл оны қазіргі кезде қолданыста жүрген белгілі мессенджерлерден даралап, әрбір қазақстандыққа арналған, толықтай ұлттық ІТ-өнім ретінде таныта алады. Жаңа отандық өнім мемлекеттік тілді дамытуда, үш тұғырлы тіл және қазақ тілін қарқынды дамып келе жатқан ақпараттық ортаға бейімдеу туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүктеген міндеттерге толығымен сай келеді", - деп атап өтті А. Шәуеев.

Оның айтуынша, iTys қосымшасының ең басты ерекшелігі - оның ұлттық мәнерде айшықталған, мемлекеттік тілде қолдануға болатын эксклюзивті интерфейсі мен мәзірі.

"Яғни iTys-тағы юарлық смайликтер қазақтың ұлттық нақышында жасалған. Сонымен қатар, қосымшаның тағы бір маңызды қыры - басқа мессенджерлер сияқты қолдану үшін төлем талап етпейді. Кез келген адам оны iTys.kz сайтынан тегін жүктеп алып, тегін қолдана алады. Осының барлығы хабар алмасуға арналған тұңғыш қазақстандық мобильді қосымша - iTys-ты тек тартымды, қызықты етіп қоймай, Қазақстанның кез келген тұрғыны үшін мейлінше қолжетімді етеді", - дейді А. Шәуеев.

iTys-тың тағы бір ерекшелігі - онда жеке хаттардың құпиялылығын сақтауға мүмкіндік беретін хабарламаларды автоматты түрде өшіру функциясы бар. Мұндай қызмет әлемдегі бір де бір мессенджерде жоқ.

А. Шәуеевтің айтуынша, iTys сонымен қатар оны жетілдіруге әрбір қазақстандық өз үлесін қоса алатын халықтық мессенджер болып табылады.

Айта кетейік, қазіргі таңда қосымшаны жүктеу Android операциялық жүйесі бар смартфондар үшін қолжетімді. Жобаны жасаушылар желтоқсан айында iOC платформасына шығуды көздеп отыр.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, болашақта iTys аясында тегін дыбыстық қоңыраулар, қазақ тілінің автокорректоры, графикалық редактор, сондай-ақ ұлттық үлгідегі жаңа анимациялар мен стикерлер қызметін қосу көзделіп отыр.