Мюзикл желісі бойынша еліміздің әр өңірінен консерваторияға оқуға келген төрт жігіттің басынан кешкен қызықты оқиғалары, жастық шақ, достық пен махаббат жайы баяндалады. Оқиға 60-70-ші жылдар кезеңінде өрбиді. Мюзиклға сол жылдарда әйгілі болған, қазақ музыкасының «алтын қорына» енген: Ш.Қалдаяқов, Е.Хасанғалиев, «Дос-мұқасан» тобының әндері арқау болады. Әлемдік музыканың жауһарлары Франкель, Битлз репертуарының шығармалары орындалады. Сондай-ақ, жаңа стилистикалық бағытта жазылған композициялар да бар. Либретто авторы- ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Бақыт Қайырбеков, драматург - Әннас Бағдат. Қойылым музыкасын жазған республикаға танымал дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері - Артур Оренбургский. Мюзикл режиссері- Еслям Нұртазин.
«Astana Musical»- еліміздегі тұңғыш мамандандырылған мюзикл театры. Спектакльде жас актерлар өнер көрсетеді. Олардың бәрі де іріктеуден өткен: вокал, би және актерлік шеберлікті жетік меңгерген кәсіби мамандар. Мюзиклде жеке орындаушылар «Академия солистов» мемлекеттік камералық оркестрі мен Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Big band» ансамблінің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқайды.
«Astana Musical» театрының мақсаты - елорданың мәдени әлеуетін арттыру және театр қызметінің алуан түрлі жанрын кеңейту. Еліміздегі ең ірі концерттік құрылым «Қазақстан» концерт залының бар мүмкіндігін пайдалана отырып, әртістердің шеберлігін шыңдау, кәсібилігін арттыру. Алдыңғы қатарлы технологиялармен жабдықталған кешенде есімі елге әйгілі өнер жұлдыздарымен тығыз байланыс жастарымызды әлемдік деңгейде таныту.
«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының» ашылу салтанатына, еліміздің мәдениет және өнер саласындағы белгілі тұлғалары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік лауазым қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысады деп жоспарланған.