Астанада тұңғыш рет кекушинкай карате-додан Азияның ашық чемпионаты өтеді

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада ертең, қазанның 16-сында ерлер, әйелдер және жасөспірімдер арасында кекушинкай карате-додан Азияның XII ашық чемпионаты басталады.

«Дәулет» спорт комбинатында Ауғанстан, Бангладеш, Жапония, Иран, Қытай, Куәйт, Ливан, Непал, Сирия, Пәкістан, Сингапур, Шри-Ланка, Үндістан, Филиппин, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінің каратэшілері сайысқа түседі.

Бүгін елордаға құрметті қонақтар қатарында Бүкіләлемдік кекушинкай-кан каратэ-до ұйымының Президенті, 8 дан мен қара белбеу иегері Шокей Канча Мацуй ұшып келді.

«Азия біріншілігінің осы елде ұйымдастырылуы Қазақстан үшін де, біз үшін де өте жағымды оқиға»,-дейді К. Мацуи бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында.

«Каратэ-до кекушинкай жекпе-жек спорты ретінде тек қана адамның дене шымырлығын дамытуға ғана емес, сонымен қатар оның рухани мүмкіншіліктерін арттыруға бағытталған. Сондықтан біз Қазақстан жаттықтырушыларына кекушинкайды рухани дүниенің үйлесімдігін көздейтін жекпе-жек өнері ретінде тарату керектігін насихаттаймыз»,- деп аяқтады сөзін К. Мацуи.

Қазақстандық киокушинкай каратэ-до федерациясының президенті Әлімжан Молдағалиевтің айтуынша, жалпы бұл дүбірлі додада ел намысын ұлттық құрама сапындағы 35 спортшы қорғамақ.

Олардың қатарында жастар арасындағы Әлем чемпионы Азамат Такенов пен Азия чемпионатының жүлдегері Аян Маханов бар.