Астанада тұрғындарға тегін заңгерлік көмек көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM — «Заң мен тәртіп» акциясы аясында «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығында «Халық заңгері» мен «Құқықтық дәріхана» акциялары өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Онда елорда тұрғындары мен қонақтары өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша білікті заңгерлік кеңесті тегін алды.

Акциялар аясында азаматтарды мемлекеттік органдардың өкілдері, заңгерлер мен адвокаттар қабылдады. Мамандар келушілерге құқықтарды қорғау, заңнама және құқық қолдану тәжірибесіне қатысты кең ауқымды мәселелер бойынша кеңес берді. Жедел шешімді қажет ететін мәселелерге ерекше көңіл бөлінді.

Фото: Астана әкімдігі

Жеке қабылдау барысында азаматтарға түрлі құқықтық мәселелерді шешу жолдары түсіндіріліп, мемлекеттік органдарға жүгіну тәртібі айтылды. Сондай-ақ өз құқықтары мен мүдделерін қорғаудың заңнамада көзделген тетіктері туралы ақпарат берілді.

— Іс-шараға 20-ға жуық ұйым қатысып жатыр. Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында Нұра ауданының әкімдігі аумақтық құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен жиі кездесулер өткізеді. Сондай-ақ сауда және ойын-сауық орталықтарында, колледждерде, мектептерде және қоғамдық кеңістіктерде кездесулер ұйымдастырамыз. Заң мен тәртіп — бұл тек әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік қана емес. Бұл — қаламыздың тұрғындары мен қонақтарының қоғамдық орындарда заң талаптарын ғана емес, әдеп нормаларын да сақтауға деген азаматтық ұстанымы, — деді Нұра ауданы әкімінің орынбасары Әлия Әбсеметова. 

Фото: Астана әкімдігі

Қолжетімді заңгерлік кеңес азаматтарға өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуге, сондай-ақ оларды қорғау үшін уақтылы шара қабылдауға көмектеседі.

— Мен үшін бұл іс-шара өте ыңғайлы болды. Мұнда келіп, көптен бері мазалап жүрген сұрағыма жауап аламын деп күтпеген едім, — деді қала тұрғыны Айгүл Гүлкяева. 

Фото: Астана әкімдігі

«Халық заңгері» мен «Құқықтық дәріхана» акциялары азаматтар, мемлекеттік органдардың өкілдері және заңгерлер қауымы арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беретін алаңға айналды. 

Бұған дейін заңгер алиментке арналған арнайы шоттың қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.