Куәгерлердің айтуынша, аулаға балалар кірген кезде кірпіштер, ағаш құрылғылар және әйнек құлай бастаған. Опырылып құлаған балконның сынықтары үй жанында тұрған автомобильді зақымдаған. Абырой болғанда, адамдар зардап шеккен жоқ.
«Үйдің салынғанына 20 жыл болған. Ол әуелде-ақ дұрыс салынбаған. Бірнеше жылдан бері ол апатты жағдайда деп танылған. Біз екі ай бұрын оны жаңартуға қол жинадық. Әкімдікте жақында тиісті жұмыстар жүргізіледі деген болатын. Әйтеуір ешкім зардап шекпеді. Бұл жерде әдетте көптеген бала ойнап жүретін еді. Оқиға болған кезде ПИК-ке хабарластық, ал оның басшылығын ТЖ органдары мен әкімдік қызметкерлері шақырды. Үйдің ішкі жағы аман, тек сыртқы жағы ғана. Бірақ та үйдің проблемалары жетеді, өздеріңіз де қандай жағдайда екенін көріп тұрсыздар», - деді үй тұрғындарының бірі.
Оқиға орнына келген елордалық әкімдік пен ТЖД қызметкерлері қандай да бір түсіндірме беруден бас тартты.
Астана уақытымен сағат 22.00-де үйге мамандар келіп, арнайы техникамен опырылған ғимараттың сыртқы қасбетін аршуға кірісті.