Астанада тұрғындардың көлік қою ережелерін сақтамауы қар тазалау жұмыстарын қиындатып отыр - ІІД

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қар тазалау жұмыстарын тоқтаусыз жүргізу үшін қар жинайтын техниканың еш кедергісіз қозғалуын қамтамасыз ету керек. Осыған байланысты, Астана қаласының ІІД Әкімшілік полиция басқармасы жүргізушілерді көлік қою ережелерін сақтауға және көлікті жолдың жүретін бөлігінде қалдырмауға шақырады, деп хабарлады astana.kz.

Қала көшелерін қардан жедел тазалау үшін арнайы техника тәулік бойы жұмыс істейді. Оларға жол-патрульдік полиция көліктері еріп жүреді. Өткен тәулікте қар тазалау техникасының 585 бірлігі елордадан 2 мың текше қар шығарды, деп хабарлады Астана қаласының ІІД ӘПБ.

Астана қаласының жол-патрульдік полицейлері жүргізушілерден көлікті жолдың шетіне қоймауларын сұрайды. Бұл қар тазалайтын техника мен қоғамдық көліктің жүруіне кедергі жасайды. Бұдан басқа, ауа температурасының күрт өзгеруіне байланысты полицейлер жүргізушілерге аса сақ болуға және қар молынан жауғанда көліктің жақын жарық фарасын жағып жүруге кеңес береді.