Астанада түріктің «Көбелектің түсі» фильмі көрсетіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл бауырлас Түркия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 25  жыл толып отыр.

Айтулы оқиғаға орай, Астанадағы Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығы Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен «Айлық түрік фильмдері күні» шарасын бастаған болатын. Осының  аясында 20 мамырда «Көбелектің түсі» атты кино туындыны Астана халқына ұсынады.

 Еске сала кетейік, «Түрік фильмдер күні» осыдан 2 ай бұрын басталған еді. Наурыз айында «Соңғы хат», сәуір айында «Ұзақ хикая» атты фильмдер астаналықтарға тарту етілген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

2013  жылы түсірілген «Көбелектің түсі» фильмінің сценарийін жазған әрі режиссеры  Йылмаз Ердоган. Басты рөлдерді Қазақстанда кеңінен танымал түрік актерлер Кыванч Татлытуг пен Мерт Фырат сомдаған. Фильмнің оқиғасы Түркияның Зонгулдак қаласында тұратын жас ақындар Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услуның төңірегінде өрбиді.  Сол кезеңде ақындар білім алған «Мехмет Челикер» лицейінде әдебиет пәні мұғалімі болып жұмыс істеген Бехчет Недажигилдің рөлінде  атақты түрік актер Йылмаз Ердоган ойнайды.

Атап өту керек, фильм 2013 жылы 86-академиялық сыйлық комиссиясы тарапынан «шет тілдегі ең үздік фильм» номинациясы бойынша Түркия атынан Оскар сыйлығына ұсынылды.

Фильмде 1941 жылдары болған оқиғалар баяндалады. Екі жас ақын Рүштү Онур мен Музаффер Тайип Услу Зонгулдактағы көмір шахтасында жұмыс істейді. Екеуі де әдебиетке етене жақын. Жас Түркия мемлекеті жаңадан жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатқан 1940 жылдары Европада Екінші дүниежүзілік соғыс  жалғасып жатты.  Осындай ауыр кезеңде екі жас ақын құрт ауруына шалдығады.  Бірақ ауыртпашылықтарға қарамастан қос ақын өз орталарында поэзияны насихаттап, әдебиетке деген халықтың қызығушылығын туғызу үшін жандарын салады. Музаффер фильмдегі басқа бір кейіпкер әкімнің қызы Сузан Өзсойға ғашық. Алайда, құрт ауруы жастардың денсаулығына үлкен қауіп туғызды. Осы және басқа себептерге байланысты Сузанның ата анасы қыздарының олармен дос болуына қарсы...

20 мамырда сағат 17.00-де «Керуен» ОСО Кинопарктың 4  залында көрсетілетін фильмді Астана тұрғындары мен қала қонақтары тегін тамашалай алады.