Астанада туризм саласында 10 млрд. теңгеге қызмет көрсетілген

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада туристік ағым көрсеткіші жылдан-жылға артып, соңғы 16 жыл ішінде еліміздегі ірі туристік орталыққа айналды. 2013 жылы Астанаға 500 мыңға жуық турист келсе, соның 80 мыңы шетелдіктер. Бұл салада көрсетілген қызмет құны 9 531 229 800 теңгені құраған. Бұл туралы Астана қаласы әкімінің аппараты баспасөз қызметіне Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан хабарлады.

Елордадағы туризмнің тұрақты дамуын қала қонақ үйлеріндегі орындардың әрдайым толы болуынан аңғаруға болады. Қаланың қонақ үй қорын арттыру жұмыстары ұдайы жалғасуда. Қазіргі кезде Астанада 9013 орынға арналған 6 659 нөмірден тұратын 163 қонақ үй жұмыс істейді. Бір нөмірдің орташа құны 15 500 теңгенің көлемінде. Қонақ үй қызметі саласында 3 654 адам жұмыспен қамтылған, олардың 65 % ер адамдар, 35% әйелдер.

Туризмнің даму қарқынының оң болуы осы салада жұмыс істейтін мемлекеттік мекеме мен ұйымдардың бірлесе атқарған жұмыс нәтижесінде мүмкін болып отыр. Бүгінде Астанада 232 туристік фирма қызмет көрсетсе, соның 7-інің қызметі ішкі туризмге бағытталған. Бұл бағытта 761 адам қызмет жасайды.

Іскерлік туризм саланың кірісі мол түрлерінің бірі. Шетелдік туристердің 77,9%-ы Астана қаласына іскерлік мақсатта, яғни түрлі көрмелер, конферециялар мен семинарларға қатысу үшін келгендер.

Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу бойынша дайындықты есепке ала отырып, Астана қаласының туристік мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған түрлі жобалар, соның ішінде «Welcome to Astana» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның негізгі мақсаты туризм және қызмет саласының жұмысшыларын оқыту, қайта оқыту және олардың біліктілігін арттыру арқылы көрсетілетін қызмет деңгейін көтеру, сондай-ақ көрмеде жұмыс істеу үшін еріктілерді даярлау.