Қойылым опера либреттосының негізінде Әзербайжанның ұлы ақыны Низами Гәнжауи мен оның музасына айналған қыпшақ қызы Аппақтың махаббат хикаясы жатыр. Аңыз бойынша, Аппақты Низамиге Дербент әміршісі бағалы сый ретінде тарту еткен. Уақыт өте келе екі жас бір-біріне шынайы ғашық болады. Шығармада тек махаббат хикаясы емес, тарихи бірлік пен түркі халықтарының бостандықты аңсаған рухы кең көрініс тапқан.
Композитор Серікжан Әбдінұров бұл ауқымды туындының жазылу тарихы мен оның арқалаған жүгіне тоқталып өтті.
— Бұл опера біз үшін өте жауапты әрі күрделі жоба. Біз бұл шығарманы 2010 жылы жаза бастадық, оған ұлттық музыканың алыбы Еркеғали Рахмадиев себепкер болып еді, сол кісінің аманаты. Операның басты мақсаты — туысқан, тарихы бір түркі халықтарының салт-дәстүрін, достығын, бейбітшілік сүйгіш рухын көрсету. Аппақ бейнесі арқылы біз түркі қыздарына тән ортақ қасиеттерді — инабаттылықты, махаббатқа адалдықты, өз отанына деген сүйіспеншілік пен ел үшін жан беруге дайын ерлікті көрсеткіміз келді, — деді композитор.
Қойылымның музыкалық жетекшісі, Қазақстанның халық әртісі Абзал Мұхитдин операны заманауи музыка мәдениетіндегі сирек құбылыс деп бағалады. Оның айтуынша, қойылымның көлемі мен күрделілігін Вердидің «Аидасымен» салыстыруға болады.
— Бұл — тоғыз картинадан тұратын үлкен шығарма. Туындының вокалдық жүктемесі де күрделі, өйткені операда ең төмен және ең жоғары ноталар кездеседі. Аппақ пен Низамидің тебіренісін жеткізу үшін қазақтың домбырасы мен әзербайжанның тар аспабының тембрлерін қолдандық, олар бір-бірімен керемет үйлесім тапты, — деді маман.
Аппақ бейнесін сомдайтын Бибігүл Жанұзақ бұл рөлді өз шығармашылық жолындағы ең күрделі әрі жауапты бейнелердің бірі деп атады.
— Аппақ — әкесінің ерке қызы. Оның бір сәтте Низамидің жарына айналғанын көрерменге шынайы жеткізу өте қиын. Біз ат үстінде қылыштасып жүріп ән орындайтын сахналарға дайындалдық. Бұл тек дауысқа емес, дене координациясына түсетін үлкен жүктеме. Музыка да өте жоғары тесситурада жазылған, сондықтан әр партия аса назар салу керек, — деді солист.
Ұлттық жобаның жоғары деңгейде сахналануына Мәдениет және ақпарат министрлігі де үлкен қолдау көрсеткен. Қойылымның визуалдық шешімі көрермен назарын аударатыны хақ. Спектакльге арнап 576 костюм тігілген және 1000-ға жуық реквизит дайындалған.
Айта кетейік, бұған дейін, Мемлекет басшысы мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттаған еді.
Дария Ғұмар