Түркі халықтарының әуезді музыкасы ешкімді бейжай қалдырмай, тыңдармандардың ду қол шапалағы мен ыстық ықыласына ие болды.
Фестиваль әуел бастан түркі музыкасының әралуандылығы мен қазіргі заманғы түркі этномузыкасындағы жақындықты іздеуге бағытталған болатын.
«Астана-Арқау» дәстүрлі түркі музыкасы фестивалі - түркі халықтарының көп жанрлы музыкалық мұрасына арналған мәдени шара. Фестивальға түрлі түркі халықтарының дәстүрлі орындаушылары қатысады. Олардың шеберлігінің арқасында елордалық көрермен дәстүрмен танысып, әртүрлі сирек кездесетін музыкалық аспап түрлерін көре алады. Осы жылдар ішінде фестивальға барлық түркі халықтарынан 470-тен астам музыкант пен ғалым қатысты.
Биылғы фестивальға кейбір түркі халықтарының өкілдері бірінші рет қатысуда. Мысалы, солтүстіктегі саны аз түркі халқы - долғандар. Қазіргі кезде таймырлық түркі-долғандар саны 5000 адамнан аспайды.
Бұдан бөлек, сирек кездесетін аспаптар фестивальға Түркіменстаннан арнайы әкелінді. «Астана-Арқау» фестивалі 6 шілдеге дейін жалғасады. Ертең сағат 18:00-де шараға қатысушы әртістер «Хан Шатыр» СОО қасындағы «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» жобасының алаңында өнер көрсетеді. Фестивальдің салтанатты жабылуы 6 шілде күні сағат 16:00-да «Астана Опера» театрының камералық залында өтеді.