Астанада түркі ойшылдары Ясауи мен Баласағұнға арналған жиын өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Астана қаласында, «Eurasian Book Fair - 2016» Еуразиялық халықаралық кітап көрмесі аясында «Түркі әлемінің тұғырлы тұлғалары: Қожа Ахмет Ясауи және Жүсіп Баласағұн» атты келелі жиын өткізді, деп хабарлайды Түркі академиясы Халықаралық ұйымының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлы ойшыл Жүсіп Баласағұнның биылғы 1000 жылдығы мен ғұлама шайыр Қожа Ахмет Ясауидің өмірден оғанына 850 жыл толуына орай ұйымдастырылған жиынды Академия басшысы Дархан Қыдырәлі жүргізіп отырды. Ол өзінің алғы сөзінде ЮНЕСКО шеңберінде аталып жатқан осы мерейлі даталардың маңызына тоқталды. Халықаралық ұйымның ұйытқы болуымен және жалпы түркі дүниесінде ұлы ойшылдарға арналып көптеген айтулы іс-шаралар ұйымдастырылғанын атап өтті.

Бұдан кейін көрнекті қоғам қайраткері Мекемтас Мырзахметұлы, ҚР ҰҒА академигі Ғарифолла Есім, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің проректоры Мұстафа Ерен мен ясауитанушы-ғалым Досай Кенжетайұлы тұғырлы қос тұлғаның тағылымы жайлы арнайы баяндамалар жасады. Ясауи мен Баласағұнның шығармашылық мұраларының әлемдік өркениетке ықпалы және зерттелу тарихы жайлы пайымды ойларымен бөлісті.

Алқалы басқосуға Туркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Невзат Уянык, Түркі кеңесі бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы, Мемлекеттік тарих институтының директоры Бүркітбай Аяған, Қазақстанның Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева, Астана қаласының Бас имамы Наурызбай Тағанұлы, сондай-ақ Жоғары оқу орындары басшылары мен алыс және жақын шет елдерден келген көрнекті ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, шараға арнайы қатысқан Түркі Кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, академик Болат Көмеков, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірасылқызы және Р.Б.Сулейменов атындағы Шығыстану институтының аға ғылыми қызметкері Ғалия Қамбарбекова да жиын барысында сөз алып, ойшылдардың өмірі мен асыл мұраларының бүгінгі өзектілігі жайлы ой-толғамдарын ортаға салды.

Айта кету керек, бұл Академияның түркі дүниесінің тұғырлы тұлғаларына арнаған алғашқы жиыны емес. Бұған дейін Түркия астанасы Анкарада, Қырғызстан астанасы Бішкекте, Ыстамбұл қаласында, Астанада түркі әлеміндегі белгілі ұйымдармен бірлесе отырып, осындай бірқатар айтулы іс-шаралардың өткізілуіне атсалысқан болатын. Сонымен бірге, TWESCO Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының қайта толықтырылған нұсқасы мен Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикметін» парсы тілінен аударып, кітап етіп жариялады.