Астанада Түркияның тұңғыш президенті Ататүрікке арналған фотокөрме ашылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Түркия Республикасының негізін қалаушы ұлы қайраткер Мұстафа Кемал Ататүрікке арналған фотокөрме ашылды. Ататүріктің дүниеден өткеніне 79 жыл толуына орай ұйымдастырылған көрмеге бұған дейін халық назарына ұсынылмаған 40-тан астам фотосурет қойылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



«Бүгін Ұлы Ататүрік бабамыздың көрмесін тамашалау мүмкіндігі туып отыр. Елбасының өзі Ататүріктің арқасында Қазақстан мен Түркия бауырлас елге айналғанын тілге тиек еткен болатын. Сондықтан бүгінде ұлы Ататүріктің өзі қазақ жеріне келмесе де, оның көзі осында деп білемін. Оған екі елдің қатар тұрған Байрақтары куә», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Ерман.

Сондай-ақ Түркияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Невзат Уянык бүгінгі шараның екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жемісі екендігін атап өтті.

 

Юнус Эмре атындағы түрік мәдениет орталығында тіл үйреніп жүрген Альбина Әбенова Түркияның тұңғыш президентінің портретін қарындашпен салып, қоғам және мемлекет қайраткеріне деген деген құрметін осылай білдірген. Альбина Әбенова суретті шара барысында Түркия Елшісі Невзат Уяныкке табыс етті.

 

Сонымен қатар көрмеде сөз алған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі: «Бүгін біз XXI ғасырдың ұлы тұлғасы - Мұстафа Кемал Ататүрікті еске алуға жиналып отырмыз. Ол тек Түркия елінің іргесін қалап қана қоймай, шығыс халқына, түркі дүниесіне үміт отын сыйлады. Латын әліпбиін қабылдай отырып, түркітілдес халықтарға жақындай түсті», - деп атап өтті.

 

Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті халықаралық байланыстар және инновация жөніндегі проректоры Сомжүрек Баубек екі елдің достастығын нығайтуға бағытталған осындай шараларды ұйымдастырудың мәртебе екендігін жеткізді.

 

Көрмеге келген қонақтар халық назарына бұрын-соңды ұсынылмаған  40-тан астам фотосуретті тамашалай алды. Шара соңында ЕҰУ студенттері Ататүрікке арнаған өлең-жырларын оқыды.