Астанада ТҮРКСОЙ аясында түркітілдес халықтардың көркемсурет көрмесі ашылды

None
АСТАНА. 20 қыркүйек. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - ТҮРКСОЙ Мәдениет министрлерінің кездесуі шеңберінде бүгін Астанада Президенттік мәдениет орталығында түркітілдес елдер суретшілерінің көрмесі ашылды.

Жыл сайын ТҮРКСОЙ қамқорлығымен түркітілдес халықтардың рухани қарым-қатынастарын жаңғыртуға, түркі мәдениеттерін өзара байытуға арналған ірі халықаралық шаралар өткізіледі. ҚР Президенттік мәдениет орталығындағы көркемсурет пен фотокөрме осындай мәдени оқиғалардың бірі.

Көрменіәң экспозициясы Қазақстан, Әзірбайжан және Түркия суретшілерінің 40 картинасы мен 40 фотосуреттерінен жиналған. Мұнда ұсынылып отырған туындылар түркілердің бай мәдениеті мен тұрмыс салтын, дәстүрін бейнелейді.

Шараның ашылуына ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, Түркияның Мәдениет және туризм министрі Гюнай Эртугрул және ТҮРКСОЙ ұйымының Бас Хатшысы Дүйсен Қасеиінов қатысты.

Естеріңізге сала кетейік, Астанада ТҮРКСОЙ Халықаралық бірлескен даму ұйымы Мәдениет министрлері тұрақты кеңесінің XXIX отырысы өтіп жатыр. Оған Түркияның Мәдениет және туризм министрі Гюнай Эртугрул, Қырғызстанның Мәдениет және ақпарат статс-хатшысы Мұқталы Бектеналиев, Әзірбайжанның Мәдениет және туризм министрінің бірінші орындасары Вагиф Алиев, Түрікменстанның Мәдениет және телехабар министрі Гүлмырат Мырадов, Татарстанның Мәдениет министрінің орынбасары Гузель Нығматуллина, сондай-ақ Башқұрстанның Мәдениет министрінің бірінші орынбасары Камила Давлетова, ал ТҮРКСОЙ тарапынан Бас хатшы Дүйсен Қасейінов қатысуда.

Ұйымның қызмет ету жылдары ішінде ТҮРКСОЙ туының астына 14 түркітілдес халықтар біріккен.

Бүгінде жер шарында этногенез, діл, тіл, тарих, әдебиет, рухани және материалдық мәдениет, өмір мен дәстүр салты ортақ түркітілдес халықтардың саны 200 миллионнан асады.