Астанада тұрмысы төмен азаматтарға Құрбан айтта ет таратылады
14:59, 14 Қазан 2013
АСТАНА. 14 қазан. ҚазАқпарат - Биыл Астана қаласының мешіттері мен ҚМДБ жанындағы «Зекет» қоры «Құрбан шал» акциясын өткізеді. Акция аясында құрбандыққа шалынған малдардың еті Астана қаласында және Ақмола облысында тұрып жатқан тұрмысы төмен азаматтарға таратылады. Бұл туралы astana.kz сайтына Дін істері басқармасынан хабарлады.
«Құрбан айт кезінде ет берілетін адамдардың тізімі жасалды. Оған елорданың үш ауданының әрқайсысынан 200-ге жуық адам енген. Тізім қалалық мешіттерге жолданды. Олар адамдарға телефон шалып, шақырады. Арнайы автобустар адамдарды мал соятын жерге апарып, әкеледі. Әр адамға 5-6 келі ет беріледі», - деп хабарлады astana.kz сайтына ведомстводан.
Айта кетейік, биыл Құрбан айт мерекесі 15-17 қазанда атап өтіледі. Санитарлық талаптарды сақтау мақсатында Астана қаласының әкімдігі мал сатып алатын және құрбандық шалынатын арнайы орындарды белгіледі. Малды тек Астана - Қосшы тас жолының бойындағы «Алтын таға» базарында ғана сатып алып, құрбандыққа шалуға рұқсат етілген.