Астанада Тұрсын Жұртбайдың 60 жасқа толуына арналған кеш өтеді

АСТАНА. 3 қараша. ҚазАқпарат - 4 қараша күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жазушы, ғалым, «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры Тұрсын Жұртбайдың 60 жасқа толуына арналған кеш өтеді.

60-тың белесіне шыққан филология ғылымдарының докторы, профессор, публицист, ұстаз, қоғам қайраткері Тұрсын Құдакелдіұлының мерейтойлық кешіне Жүрсін Ерман, Жанболат Аупбаев, Несіпбек Айтұлы, Намазалы Омашұлы, Сәулебек Жәмкенов, қатарлы курстастары, оқырмандары қатысады.

Кеш барысында Т.Жұртбайдың шығармашылығынан баяндама жасалып, өлеңдері оқылады. Сондай-ақ, халық әндері мен А. Байтұрсынұлы, Ж. Аймауытұлы сынды алаш арыстарының әндері орындалады.

Жұртбай Тұрсын Құдакелдіұлы 1951 жылы Семей облысы Абай ауданы Шаған ауылында туған. 1974 -1990 жылдары «Жетісу» газетінде, «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында қызмет істеді. 1990 -1998 жылдары М.Әуезов мұражайында ғылыми қызметкер, бөлім бастығы, директор. 1998 - 2001 жылдары докторант, ҚазҰУ-да оқытушы. 2001 жылдан «Отырар кітапханасы» ғылыми-зерттеу орталығының директоры.

«Жүрегімде жұмыр жер» өлеңдер мен поэмалар, «Бесқарагер», «Дара тұлға», «Жер - бесік» роман-новелласы, «Бейуақ» роман-эссесі, «Бесігіңді түзе», «Талқы» роман-эсселері, «Мухтар Омарханович Ауэзов», «Күйесің жүрек... сүйесің!», «Бесігіңді аяла!...» кітаптары жарық көрді.

Т.Жұртбай Алаш қайраткерлерінің шығармалары мен өмір деректері туралы көптеген ізденістер жүргізіп, солардың негізінде ғылыми еңбектер жазды. Ол «Алаш ақиықтары» жинағын құрастырып, Алаш қайраткерлерінің беймәлім шығармаларын жалпы жұртшылыққа таныстырды. Халықаралық «Алаш», І.Жансүгіров атындағы әдеби сыйлықтардың лауреаты.