Астанада «Түстер симфониясы» атты сурет көрмесі ашылды

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында суретші Қарлығаш Қансейіттің Наурыз мейрамына арналған жеке көрмесі ашылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Түстер симфониясы» деп аталатын көрмеге Қ.Қансейіттің түрлі жанрдағы 35-тен астам туындысы қойылды. Олардың ішінде «Түркістанға қақпа», «Аспан», «Өмір өзені», «Өмір бақшасы», «ХХ ғасырдың үш кезеңі», «Таңғажайып бақ» және басқа да еңбектер бар. Қ.Қансейіттің суреттерінің басым бөлігі тылсым түнгі құс - үкіге арналған. «Бұл орман құстарында бір жұмбақтық бар. Жапалақтар ғасырлар бойғы құпияларды сақтап отырған сияқты. Оларды ертегілерде - «данагөй» деп тегін айтпайды. Менің үкілерім ? бұл адамдардың қарым-қатынасы. Адамдар арасындағы қарым-қатынас әр түрлі болғандықтан, үкілер де соған сәйкес бейнеленген», - дейді ол.Көрме мамыр айының 1-іне дейін жұмыс істейді.