Астанада тыныштықты бұзғаны үшін байкерлерге айыппұл салынуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - 30 маусым мен 2 шілде аралығында Астанада мотоцикл жүргізушілеріне қатысты 31 әкімшілік құқықбұзушылық анықталған. 11 мотоцикл мен 2 скутер коммуналдық тұраққа қойылған, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, қала басшысы Әсет Исекешевтің тапсырмасына сәйкес Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметі көлік жүргізушілері арасында тәртіпті сақтау және тыныштықты бұзудың алдын алу бойынша шараларды күшейтті. Бұдан бөлек тәртіп сақшылары жол көлік оқиғаларын азайту үшін үнемі рейдтер жүргізіп тұрады.

Мәселен, мотоцикл жүргізушілері арасында негізгі құқықбұзушылық ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 612-бабы бойынша орын алады. Атап айтар болсақ, көлік құралын құжатсыз басқару немесе басқаруға құқығы жоқ (А санаты жоқ) жағдайға қатысты 14 заң бұзушы анықталған.

ҚР ӘҚК 9-тармағы 590-бабына сәйкес «Көлік құралын пайдалану ережелерін бұзу», техникалық тексеріссіз - 5 құқық бұзушы. ҚР ӘҚК 601-бабы бойынша «Жол белгілерінде көрсетілген талаптарды немесе жолдың жүргін бөлігіндегі белгіні сақтамау» - 3 бұзушы және т.б.

Барлық жол ережелерін елемегендер әкімшілік жауапқа тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.