Астанада ТЖД өзге ұлт өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл - менің тілім» байқауын өткізді

АСТАНА. 3 қыркүйек. ҚазАқпарат - Елордада Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өзге ұлт өкілдерінің арасында «Мемлекеттік тіл - менің тілім» байқауы ұйымдастырылды. Бұл туралы astana.kz сайтына ТЖД баспасөз қызметінен хабарлады.

Конкурсқа ТЖД және ведомствоға қарасты бөлімшелерінің 4 қызметкері қатысты.

Байқау барысында «Таныстыру», «Мақал-мәтелдер», «Іс қағаздарын орындау», «Өз өнерін көрсету» тапсырмалары орындалды.

Қатысушылар өздерін таныстырып, қазақ мақал-мәтелдерін айтып жарысты. Ал соңғы сайыста өз өнерлерін ортаға салды. Байқаудың қорытындысы бойынша, кадрлық жұмыс бөлімінің бас маманы Анжела Медведева 1-орын, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ КҚЖБО диспетчері өртке қарсы қызметтің кіші сержанты Зухра Суюрова 2-орын, «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ 9-ӨСБ қарауыл бастығы өртке қарсы қызмет лейтенанты Иван Максимов 3-орын алды. Жеңімпаздар грамоталармен марапатталды. Іс-шара мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру және оны оқып-үйренуге деген ықыласы мен қызығушылығын арттыру мақсатында өткізілді.

Бұдан басқа, ТЖД және өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі қызметкерлерінің арасында «Тілдарын» байқауы өткізілді. Байқау барысында 4 тапсырма орындалды: «Таныстыру», «Терминдерді аудару», «Ілеспе аударма», «Өнер көрсету». Жарыс мемлекеттік әнұранмен ашылды. Байқау қорытындысы бойынша, Алматы ауданы ТЖ басқармасының ТЖ және АҚ бөлімінің бастығы Алмат Сансызбаев үздік атанды. Ол ҚР ТЖМ өткізетін байқауға жолдама алды. Іс-шара Н.Назарбаевтың «Тілдердің үштұғырлығы» жобасын жүзеге асыру, үш тілді - қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген қызметкерлерді анықтау және қолдау мақсатында ұйымдастырылды.