Астанада үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының инвестициялық саясаты талқыланды

sp;АСТАНА. Қарашаның 23-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада Индустрия және сауда вице-министрі Ерхат Есқалиевтің төрағалығымен үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының инвестициялық саясатын оңтайландыру мәселесі талқыланды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Негізгі сөз ауаны Кеден одағымен байланысты инвестициялық ахуалдың өзгеруі, тікелей инвестицияларды тарту, индустрияландыру процесіндегі техникалық реттеу мен сапа инфрақұрылымын құру, бизнес қоғамдастықтарымен бірлесе отырып өнеркәсіпті дамыту мен олардың стандарттарына қатысты мәселелерін саралау.

«Өңдеуші саланы дамытудың ең басты жолы тікелей инвестицияларды тарту. Ұтымды жобалар стратегиялық инвестициялардың арқасында жақсы жылжиды. Себебі инвестор өзінің жаңа технологияларын, жетілген менеджментін, корпоративті стратегиясын, брендін ала келіп, қазақстандық өндіріске енгізеді. Аталмыш компоненттер үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына аса қажет», дейді вице-министр.

 Е. Есқалиевтің айтуынша, тікелей инвестициялар саласында бірқатар проблемалар бар. Қазақстанға келетін инвестициялық ағымын арттыру үшін ең бастысы тікелей инвесторлар тартудың нақтыланған қадамдарының болуы, инвестициялық салада білімді мамандардың қатарын көбейту және Қазақстандағы бизнес алаңдар туралы ақпараттың шетел өкілдеріне қолжетімділігін жасау керек.

 Отырысқа мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және бизнес-қоғамдастықтың өкілдері қатысты.