Астанада ҮЕҰ-лардың жұмысына арналған фотосуреттер мен жұмыстық материалдардың көрмесі ашылды

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ЕҚЫҰ Саммиті қарсаңында отандық үкіметтік емес сектор жұмысына арналған «Азаматтық қоғам: әркімнің үлесі» тақырыбында фотосуреттер мен атқарылған жұмыстар туралы материалдардың көрмесі ашылды.

Көрмені Қазақстанның Азаматтық альянсы ұйымдастырды. Оған ҮЕҰ-лар жүзеге асырған әлеуметтік маңызы бар жобалар туралы ақпараттар мен қоғамның дамуына үлес қосып жүрген қарапайым қазақстандықтардың фотосуреттері қойылды. Көрме 27 қарашаға дейін жұмыс жасайды.

«Баршамызға белгілі, ҮЕҰ-лар адамдармен және адамдар үшін жұмыс жасайды. Адамдар өмірінің сапасын арттыруға бағытталған жобалар күн сайын жүзеге асырылып келеді. Олармен бірге ел халқының тағдырына бей-жай қарамайтын, кез келген уақытта көмекке даяр қарапайым азаматтар да бұл салаға еңбектерін көптеп сіңіруде», - дейді Азаматтық альянстың Үкіметтік емес ұйымдарды дамыту бағдарламасының директоры Андрей Емелин.