Астанада «Ұлт жауһары» атты көрме өтеді

АСТАНА. 4 сәуір. ҚазАқпарат - 5 сәуір күні «Әдемі-ай» компаниясы мен «Әдемі-Ай» өнер мұражайы Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және «Этнодизайнқазақ 2030» бірлестігімен бірлесіп «Ұлт жауһары» атты көрме өткізеді.

Көрмеге белгілі қоғам қайраткерлері, парламент депутаттары, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелері және БАҚ өкілдері қатысады.

Көрме Наурыз мерекесіне байланысты ұйымдастырылып отыр, онда көне жәдігерлер мен жаңа кәдесыйлар топтамасы ұсынылады.

«Әдемі-Ай» компаниясы соңғы 10 жыл көлемінде ұлт мұраларын заманауи технологиялармен жаңғыртып, халқымыздың салт-дәстүріне сай жасалған кәдесыйларды халыққа ұсынып келеді. Естеріңізге сала кетсек, 2010 жылы «Әдемі-Ай» компаниясының директоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, өнертанушы, коллекционер Бахаргүл Төлегенқызы 1000-нан астам жәдігері қойылған «Әдемі-Ай» өнер мұражайын ашқан болатын. Бүгінгі күнге дейін мұражай көне жәдігерлермен толығуда.

«Әдемі-ай» компаниясы да биылғы жылы шығармашылық жұмыстарға басымдылық бере отырып, жаңа өнімдерінің қатарын көбейтті. Олардың қатарында, қазақ елінің тарихынан сыр шертіп, бүгінгі келбетін бейнелейтін «Қазақстан тарихы» табақшасы, «Наурыз», «Жеті қазына», «Ертоқым» картиналары, зергерлік әшекейлер, жібектен жасалған тоқыма бұйымдар, өңірлерге арналған табақшалар топтамасы, қазақ халқының соғыс қарулары мен саз аспаптары үлгісінде жасалған флеш-карталар бар.