Астанада «Ұлттың ұлы ұстазы» атты кітап көрмесі ашылды

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай «Ұлттың ұлы ұстазы» атты кітап көрмесі ашылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Көрменің мақсаты – оқырмандарға ғалымның құнды мұраларын кеңінен дәріптеу, шығармаларын таныстыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау.

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Кітап көрмесінде А.Байтұрсынұлы шығармаларының алты томдығы, «Әдебиет танытқыш», «Тіл тағылымы», «Ақ жол», «Маса», «Қырық мысал», «Жан сөзімді кім түсінер?», сондай-ақ «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы», «Алаш мұрасы», «Арыстары Алаштың», «Алашорда» еңбектері және ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған басқа да зерттеу еңбектері қойылды. 

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Көрмеге жалпы 100-ден аса құнды басылым мен құжат ұсынылды.

Еске сала кетейік, бүгін Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Астанадағы Қаламгерлер аллеясында орналасқан «Алаш қайраткерлері» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.