Астанада Ұлттық Дельфий ойындары аясында «Шаттық» атты балалар байқауы өтуде

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада Ұлттық Дельфий ойындары аясында «Шаттық» атты балалар арасындағы VI қалалық байқау салтанатты түрде ашылды.

Махамбет Өтемісұлы атындағы оқушылар сарайында өтіп жатқан байқау Астана қаласының 7 мыңнан астам оқушыларын біріктіріп отыр. 

 Дельфий ойындары біздің заманымызға дейінгі 582 жылы Грекиядан бастау алып, әлемдік мәдениетпен елімізде біте қайнасуына, дәстүрлі түрде өткізілуіне Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың қолдауы үлкен әсер етті. Дарынды балаларды шыңдайтын дельфийлік ойындар бүгінде жас таланттардың асыға күтетін, өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсететін байқауға айналды. Қазақстан жастары Халықаралық делфий ойындарына 2002 жылдан бері белсенді түрде қатысып, жүлдегер де болып жүр.     

 «Бұл шараның ең басты мақсаты -дарынды балаларды қолдау және ұлттық салт-дәстүрлерді дамыта отырып, жастардың толеранттық рухтарын нығайту», -  деді байқаудың ашылу салтанатында Астана қаласы Білім басқармасы бастығының орынбасары Рима Иманғазинова.  

 Қазіргі және жаңа заман өнерінің барлық үлгілерін біріктіретін Дельфий ойындарының талаптарына сай ұйымдастырылған байқау аспаптар, хор, вокал, мәнерлеп оқу, хореография, бейнелеу және сурет сынды өнер түрлерін қамтып, 7 жанрдың 13 аталымы бойынша өтеді.

 Байқауда 30 алтын, 30 күміс, 30 қола медаль сарапқа салынатын болады. Сонымен қатар жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанып, медаль еншілеген жеңімпаздарды өнерге баулып, дүбірлі додаға дайындаған еңбектері үшін ұстаздарға 90 сертификат табыс етілмек.