Астанада Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың 10 жылдығына арналған мерекелік шаралар басталды

АСТАНА. 7 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін елордадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың 10 жылдығына арналған «Инновациялық технологиялар мен медицинадағы прогресс, Еуро-Азиялық Респираторлық қоғамның 7-ші конгрессі» атты халықаралық конгрестің ашылу рәсімі өтті.

Айтулы шараға мейман ретінде шақырылған Бүкіәлемдік денсаулық сақтау ұйымы мен Еуропа, АҚШ, Азияның және ТМД мемлекеттерінің медициналық орталықтарының жетекші ғалымдары қатысты. Жиынға сондай-ақ еліміздің медицина саласының мамандары мен бірқатар мемлекеттік органдардың және ведомстволардың басшылары қатысты. Бүгінгі мерекемен медицина мамандарын Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Дархан Мыңбай құттықтады. Сондай-ақ онда арнайы сөз сөйлеген Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың құттықтауын жеткізді. Медицина мамандарына жүрекжарды лебізін Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов та жолдады.

Мерекенің ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Президентіміздің азаматтардың денсаулық сақтау шарасының еліміздің бәсекеге қабілетті елдердің қатарына қосылудағы басты міндеттердің бірі ретінде қарастырып отырғандығын атап көрсетті. «Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның денсаулық сақтау саласы елдің экономикалық дамуына сәйкес, жоспарлы түрде жетіліп отырды. Осы жылдар аралығында саланы қаржыландыру 10 есеге артып, медицина саласының материалдық-техникалық жағдайы нығайды. Сонымен қатар 500-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынып, 4 мыңнан астам ұйым күрделу жөндеуден өтті. Республика бойынша жоғары технологиялар енгізілуде»,-дей келе министр бүгінгі жиынға қатысушыларды мерейтоймен құттықтады.

Естеріңізге сала кетейік, Ұлттық ғылыми медициналық орталық медицина саласына инновациялық технологияларды енгізу арқылы осы салада көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған серпінді жобаларды жүзеге асырады. Орталықтың жұмысы жолға қойылған он жыл ішінде 210 мың қазақстандық жоғары технологиялы медициналық көмекпен қамтылды. Олардың арасында АҚШ, Ресей, Түркия, Германия, Ұлыбритания Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мемлекеттердің азаматтары да бар. Бүгінгі конгрес аясында симпозиумдар мен шеберлік-сыныптары, жас ғалымдар байқауы, дөңгелек үстелдер мен әлемнің жетекші компанияларының медициналық құрылғыларының және дәрі-дәрмектерінің көрмесі ұйымдастырылады. Аталмыш шара медицина қызметкерлері, ғалымдар мен мамандарға отандық және әлемдік медицинаның соңғы жетістіктерімен және жоғары технологиялармен танысуға мүмкіндік береді.