Астанада ұлттық киім үлгілерінің көрмесі өтеді

АСТАНА. Маусымның 8-і. ҚазАқпарат - Ертең Астанада Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжі оқытушылары мен студенттері ҚР Президенттік мәдениет орталығында ұлттық киім үлгілерінің көрмесін ұйымдастырады,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Айтулы іс-шараға ҚР Білім және ғылым министрлігінің және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, ҚР Суретшілер одағының белгілі қыл қалам шеберлері қатысады.Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 70 жылдық тарихы бар. Қазақтың С. Айтбаев, А. Ақанаев, Т. Досмағамбетов, Б. Досжанов, А. Дүзелханов, А. Жұбанов, Б. Заурбекова, М. Қалымов, К. Муллашев, Е. Сергебаев, Е. Тұяқов, Д. Шоқпаров, А. Хайдаров сынды тұлғалары осы оқу ордасынан тәлім алып шыққандар. Бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесі Қазақстанның өнер саласындағы ең алғашқы оқу орны болып табылады.