Астанада ұлттық пантеонның үздік эскизі таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Тәуелсіздік сарайында Қабанбай батыр кенті ауданында орналасатын Қазақстан Республикасының Ұлттық пантеонының үздік эскиз идеясына халықаралық сәулет байқауы бойынша еңбектер таныстырылды.

Аталған іс-шара Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың төрағалығымен өтті. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметінен хабарлады.

Байқауға осындай объектілерді жобалауда тәжірибелері бар 7 үздік компания, соның ішінде, 3 шетелдік (АҚШ, Италия, Иран) және 4 қазақстандық компания қатысты. Атап айтқанда, «KAZGOR» ЖШС (Қазақстан), Қазақстанның сәулетшілер одағы (Қазақстан), Қазақстанның дизайнерлер одағы (Қазақстан), «Астана бас жоспары ҒЗЖИ» ЖШС (Қазақстан), EDAW AECOM (АҚШ), Марио Кучинелла (Италия), Курош Рафией (Иран).

Байқау талаптарына сәйкес келетін 20 жоба іріктелді, соның ішінде, 7 жоба тапсырыспен және 13 жоба бастамашыл идея түрінде ұсынылып отыр.

Қазақстан Республикасының Ұлттық пантеонының үздік жобалары байқауының қорытындысы Астана қаласының қала құрылысы кеңесінің мүшелерімен қарастырылғаннан кейін, сондай-ақ, Мемлекет басшысының қатысуымен өтетін Астананың даму мәселелеріне арналған жиналыс қорытындысы бойынша жарияланатын болады.