«2015 жыл Қазақстан Республикасында тарихи оқиғаларға толы болды. Сондықтан, Тәуелсіздік сарайы, Астана қалалық Суретшілер одағы мен халық суретшісі Әубәкір Ысмайловтың отбасы бірлесе отырып, «Ұлы бабалар жолы» деген көрмені ұйымдастырып отырмыз. Көрмеге Астана қаласындағы суретшілер одағына мүше шеберлердің, сондай-ақ Қазақстанның халық суретшісі және Қазақстан Суретшілер одағының негізін қалаған, тұңғыш төрағасы болған Әубәкір Ысмайловтың суреттері қойылды. Жалпы, көрмеге 34 суретшінің 125-тен астам жұмысы қойылған», -дейді Тәуелсіздік сарайы директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Бибінұр Санақұлова.
Көрмеге қойылған құнды туындылардың біразы Әубәкір Ысмайлов пен Кәміл Муллашевтің қолынан шыққан суреттер. Айта кетейік, Әубәкір Ысмайылов - еліміздің алғашқы кәсіби суретшілерінің бірі, өнер қайраткері болса, Кәміл Муллашев Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Татарстан Республикасының халық суретшісі.