Астанада Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс мұрасы талқылануда
«Болашақ бүгіннен басталады!» республикалық акциясы аясында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жеңіс мұрасы: Патриоттық тәрбие берудегі және өскелең ұрпақтың азаматтық қалыптасуындағы ардагерлердің рөлі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілуде.
Шараны ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Жас Қыран» республикалық әскери-патриоттық бірлестіктерді дамыту орталығы ұйымдастырды. Конференцияның негізгі мақсаты - жастардың елдің қоғамдық, саяси, экономикалық және мәдени өміріне қатысу белсенділігін арттыруға, олардың бойында патриотизм мен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға ықпал етуді көздейді. Оның жұмысына 30-дан астам Ұлы Отан соғысының ардагері, жас ғалымдар, аспирант ізденушілер, студенттер, әскери-патриоттық ұйымдар басшылары қатысуда.
«Жас Қыран» Республикалық әскери-патриоттық бірлестіктерді дамыту орталығының төрағасы Жақсыбай Боранбаевтың айтуынша, конференция жастардың Ұлы Отан соғысы жайлы тарихи білімі мен мағлұматын кеңейтуге және тереңдетуге бағытталған.
«Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Ұлттық рәміздерді құрметтеу, салт-дәстүрді сақтау, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту жайында әңгіме болады. Дамыған елу елдің қатарына енуді мақсат еткен Қазақстанның болашағы жастардың қолында, ол үшін білімді де білікті болуға ұмтылу қажет, ұлттық құндылықтарымызды қастерлей білу керек», - деді ол.
Конференция барысында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне сертификаттар мен сыйлықтар тапсырылмақ.