Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлері толықтай баспанамен қамтамасыз етілді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Ұлы Отан соғысының ардагерлері толықтай баспанамен қамтамасыз етілген. Бұл туралы бүгін елордада Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған дәстүрлі «Көктемнің шуақты күндері-2015» атты акция барысында қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенов мәлім етті.

Оның айтуынша, Астана қаласында Ұлы Отан соғысының 210 ардагері тұрып жатыр.

«Өкінішке орай, олардың саны жыл сайын азайып келеді. Бес жыл бұрын 500 ардагер болатын», - дейді ол.

Е.Дүйсеновтың сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта мемлекет тарапынан ардагерлерге көптеген материалдық көмектер жасалуда.

«Мемлекет, соның ішінде Астана әкімдігі соғыс ардагерлеріне қолдан келгеннің барлығын жасап жатыр. Ардагерлердің барлығы пәтерлермен қамтамасыз етілген. Жақында ғана пәтерге мұқтаж соңғы 7 ардагер баспаналы болды. Сонымен қатар материалдық көмек те ұлғайды. Қала мәслихаты 9 мамыр күні ардагерлерге 1,1 млн. теңге беру жөнінде шешім қабылдады. Оған қоса, Үкімет бюджеттен 100 мың теңге бөледі. Әрине бұл ақшаның оларға үлкен көмегі тиеді. Олар үшін ештеңе аяуға болмайды. Ардагерлер қаладағы барлық ұйымдардың назарынан тыс қалған емес. Оларға осы құрметтің көрсетілуі аса қажет екендігін барлығы түсінеді», - деп атап өтті ол.