Бұл туралы бүгін «Ұлы Жеңіс - ардагерлердің тағдырында» атты акциясының басталуына орай елорда әкімдігінде өткен жиында мәлім болды.
Мамырдың 6-сы күні, Астана қаласы салтанатты шараларға қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен келетін ардагерлерді қарсы алатын болады.
Мамырдың 7-сі күнгі шаралар 1941-1945 жылдарғы майданда жарақаттанып, қаза болған жауынгерлердің зиратына (қалалық зират, сағат 9.00-де) гүлдестелерін қою рәсімінен басталады. Одан кейін Бауыржан Момышұлының ескерткішіне тағзым етіліп, гүл шоқтары қойылады (сағат 11:00). Тәуелсіздік сарайында өтетін (15:00-де) салнатты жиын мен мерекелік концерттен кейін, ардагерлерді Елбасы Н.Назарбаев қабылдайтын болады (17:00).
Мамырдың 8-і күні, «Отан қорғаушылар» монументінің алдына гүлдестелерін қою рәсімі, сахналанған қойылым мен концерт (11:00) ұйымдастырылады. Күні бойы қаладағы ашық алаңдарда, атап айтқанда ескі орталық алаңда, Жастар сарайының жазғы сахнасында, Қаржы министрлігінің алдындағы алаңда, Елорда саябағында, Бауыржан Момышұлы саябағының амфитеатрында және «Арай» саябағында үрмелі оркестрлер ойнайтын болады.
Ал мамырдың 9-ы күні, «Қазақ елі» монументінен бастап «Отан қорғаушылар» монументіне дейін Ұлы Жеңістің 65 жылдығына арналған азаматтық шеру болады (басталуы 10:00-де). Ашық алаңдардағы үрмелі оркестрлердің концерті осы күні де жалғасын таппақ. «Отан қорғаушылар» монументінің алаңында ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық ән-би ансамблінің концерті өтсе, кешқұрым КСРО-ның халық әртісі Әлібек Дінішевтің Жеңіс күніне арналған жеке концерті (Конгресс-Холл, 17:00) болады.
Меркелік іс-шараларды кешкі сағат 22:00-де Астана аспанын көмкеретін от-шашулар тәмамдайды.