Хабар кеш берілген: Астанада үш қабатты базар ғимараты өртке оранды
АСТАНА. KAZINFORM — Оқыс оқиға Астана қаласы Байқоңыр ауданы Алаш тас жолының бойындағы базарлардың бірінде болды. Қазір өрт оқшауланды, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Астанада Байқоңыр ауданы Алаш тас жолының бойындағы үш қабатты ғимараттардың бірінде өрт шықты. Оқиға орнында өрт сөндіру штабы құрылды. Сумен үзіліссіз қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілер өрттің жоғары дәрежесі бойынша жұмыс істеді. Өрт сөндірушілер келген кезде от тарап кеткен. Сөндіру жоғары өрт жүктемесімен және қатты түтінмен күрделенеді.
— Өртті оқшаулау үшін барлық шара қолданылып жатыр. Өртті сөндіру үшін су оқпандары берілді, биік техникалар да қолданылды. Өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, өрт бүкіл ғимарат аумағына тарап, үлкен көлемде өршіді. Көп көлемді жанғыш жүктеменің болуы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатты. Астана қаласы ТЖД, ЖАО 100 қызметкері және шамамен 60 техникасы жұмылдырылды. Су үздіксіз беріліп жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат 112-ге түскен жоқ, — делінген хабарламада.
Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Алтынбековтің сөзінше, сағат 6:19-дағы жағдай бойынша базардағы өрт оқшауланды. Дегенмен өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрттің аумағы нақтыланады.
Бұған дейін Қарағандыда банк ғимараты өртенгенін жазған едік.