Астанада үш облыстың дәмі тоғысады: жәрмеңкеге 400 тонна өнім қойылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 26-27 қыркүйек күндері Маңғыстау, Алматы және Абай облыстарының тауар өндірушілері қатысатын кезекті ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Фото: Астана әкімдігі

Тұрғындарға фермерлерден тікелей жеткізілетін ет, балық, сүт және азық-түлік өнімдерінің түр-түрі ұсынылады. Бұл азық-түліктің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, отандық өндірушілерді қолдауға мүмкіндік береді.

Атап айтқанда, үш өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері Астанаға 400 тоннадан астам өнім әкеледі. Оның ішінде 170 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, 100 тонна ет және ет өнімдері, 40 тонна бал, 25 тонна сүт өнімдері, 17 тонна бақша өнімі, 10 тонна балық және 40 тоннадан астам басқа да азық-түлік бар.

Жәрмеңке «Қазанат» ипподромының автотұрағында, Қарқаралы тасжолы, 1 мекенжайында өтеді.

Сондай-ақ жәрмеңке кезінде елорда тұрғындары мен қонақтарына ыңғайлы болу үшін аталған орынға №18, 37 және 303 автобус бағыттары қатынайды.

Жәрмеңке сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұған дейін Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қоры қанша айға жететінін жазғанбыз.