Астанада үш саябақта тұрғындар үшін тегін жаттығулар өткізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 14 мамырдан бастап 10 қыркүйекке дейін «Астаналық», «Студенттер», «Жерұйық» саябақтарында елорданың үздік жаттықтырушылары қаланың барлық тұрғындары мен қонақтарына спорттың бес бағыты бойынша тегін жаттықтыру шараларын өткізеді: CrossFit, Zumba-dancing, combat-battle, джиу-джитсу және йога.

Қала әкімдігі сайтының хабарлауынша, спорттық шаралар ЭКСПО-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында іске асады.

«Шараны біз осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырып жатырмыз. Жаңа маусым өткен демалыс күні басталды. Былтырғы жылмен салыстырар болсақ, негізгі ерекшеліктері біздің ауқымымыз кеңейді, тағы «Студенттер», «Жерұйық» саябақтары қосылды. Барлық алаңдарда бір уақытта, таңертең сағат 10-да жалпы дене шынықтыру жаттығулары жасалады», - дейді шараны ұйымдастырушы Асан Жүнісов.

«Біз адамдардың спортқа деген құлшынысына сенеміз. Шарамыз әлеуметтік және тегін түрде жүргізіледі. Қатысушылар санының артып жатқаны қуантады. Егер өткен жылы екінші жаттығуларға 30 адам ғана келсе, ал бүгін тек «Астаналық» саябағында жаттығу басталғанға дейін 100-ден астам тұрғын тіркелді», - деді ұйымдастырушы.

Астананың көптеген тұрғындары үшін «Fitness Park Astana» - сүйікті шараға айналды. Алайда арасында алғаш қатысып жатқандар аз емес. Кросс-фит бойынша бапкер Романның айтуынша, оған жаттығуға кәсіпкерлерден бастап, үй шаруасындағы әйелдер балаларымен бірге келетін көрінеді.

«Биыл жаңадан қатысушылар көп. Кросс-фит спорттың ауыр түрі екенін ескерсек, бізге дайындығы әртүрлі адамдар келе бастады. Бұл әрине, қуантады. Бастысы, құлшыныс емес пе? Біз барлық үш алаңда жаттығулар жүргіземіз және әр жексенбі күндері осылай болады деп үміттенеміз», - дейді ол. 

Шараның негізгі міндеті - қала тұрғындарының уақытын тиімді әрі денсаулыққа пайдалы етіп ұйымдастыру. Юлияның айтуынша, combat-battle жаттығуына екі кішкентай қызымен келген. Спортпен залға қарағанда, далада шұғылданған әлдеқайда жағымды әрі қызықты.

«Маған өте қатты ұнады. Ал балалар таңғалысында шек жоқ. Бірақ біз бұл жерге алғаш рет келдік. Үлкен әсер алдым. Бұл жерде ерекше энергетика бар. Келесі демалыс күні міндетті түрде қайта келеміз», - дейді қатысушы Юлия.

Естеріңізге саламыз, «Fitness Park Astana» жобасы «Астаналық», «Жерұйық», «Студенттер» саябағында 10-шы қыркүйекке дейін жалғасады. Жаттығу жексенбі күндері сағат 10:00-де өткізіледі. Астанада жоба қалалық әкімдіктің қолдауымен ұйымдастырылуда.