Астанада үстел теннисінен марафон өтеді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 28 маусымда «Алау» мұз айдыны сарайында екінші «Astana cup - 2015» үстел теннисі марафоны өтеді, деп хабарлады astana.gov.kz.

Бірінші марафон Астана күні мерекесі қарсаңында өтіп, онда 1000-нан астам спортшы шеберлік байқасты. Турнир қатысушылар үшін нағыз сынақ болды. Ақтық жарыс 11 сағатқа созылды. Шеберлік пен төзімділік бағаланып, аталым жеңімпаздары 1 миллион теңгелік жүлде қорын бөлісті.

Биыл жүлде қоры сақталады, алайда, турнирдің форматы біраз өзгереді. Жарыс олимпиадалық жүйемен өткізіледі. Ұйымдастырушылар жас ерекшелігіне қарай бөлінбейтін «ерлер» және «әйелдер» номинациясын қалдырған. Басты шарт турнирге қатысушы әуесқой болып, ұлттық команда құрамына кірмеуі және ресми турнирлер мен чемпионаттарға қатыспауы керек.

Бірінші алдын-ала раунд өткізіліп, үміткерлер топтарға бөлінеді. Келесі кезеңнен бастап қатысушылар әр жеңісі үшін сыйлық қорының бір бөлігін алып отырады. Марафон регламенті мен қатысуға өтініштер «Алау» мұз айдыны сарайының сайтында (www.alau.info) жарияланған.