Әр итке күріштің жарнасындай электронды паспорт берілуде. Жыл басынан бері Астанада ит пен мысықты чиптеу жобасы іске қосылған. «Астана ветсервис» ветеринария мекемесінің бөлім басшысы Ерлан Зикибаевтың айтуынша, чиптеу - ең алдымен жануарларды есепке алуды біріздендіру. Осының арқасында жоғалған үй жануарларын іздеу, табу жеңілдейді.
«Чиптеу дегеніміз - бұл электронды паспорт, ол жануардың организміне жасанды түрде орнатылып, үй жануарымен бірге өмір сүреді. Бұнын ең басты қажеттілігі - егер жануар жоғалса, оны осы чип арқылы табуға болады», - дейді Е. Зикибаев.
«Адамдар «чипте gps-навигатор бар ма?» деп сұрайды. Олар өте үлкен, ол иттің қарғыбауына орнатылады. Бірақ олар мысалы, табиғат аясында еркіндікте жүрген жануарларды зерттеу үшін, ғылыми тәжірибе жүргізу үшін қолданылады. Олар 2-3 жылға жететін қуаттағышпен жабдықталған», - дейді маман.
«90-шы жылдары чиптеу өте қымбат болды, қазір клиникада жасатсаңыз, арзан. Астанада 11 жекеменшік ветеринарлық клиника бар. Оларда чиптеу ақылы. Ал, «Ветсервисте» тіркеу, сондай-ақ, чиптеу, құтыруға қарсы егу, гельминттерге қарсы таблетка егу - тегін», - дейді бөлім басшысы Ерлан Зикибаев.
Ветеринарлар жыл соңына дейін 8 мың итті құтырмаға қарсы егіп, 6 мың итке чип тағады.