12:15, 21 Сәуір 2009
Астанада ұзақ уақыт есірткі заттарын саудалап келген есірткі ошағы жойылды ? ІІД
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласының Ішкі істер департаменті Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы ұзақ уақыт бойы есірткі заттарын сатумен айналысып келген есірткі ошағының көзін жойды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы Аясын Байділдаевтың айтуынша, келіп түскен ақпараттарға сәйкес сәуірдің 17-сі күні қаланың «Лесозавод» аталатын аумағындағы тұрғын үйлердің біріне тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде 4 килә 644 грамм «героин» тектес ұнтақ тәркіленіп, күдікті ретінде ұлты сыған С. есімді азамат ұсталды. Анықталғанындай, 1964 жылы туған азамат Астана қаласының тұрғыны. Қазір ол Уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Күдікті қандай да бір мәліметтерді беруден бас тартып отырғандықтан, полиция қызметкерлері оның есірткі заттары көп тасымалданатын Қарағанды және Ақмола облыстарында сыбайластары болуы мүмкін деген болжаммен аталған аймақтарда тексеру жұмыстарын жүргізуде. Басқарма бастығының айтуынша, өзге аймақтарда 1 грамм героин 2 мың 500 теңге тұрса, Астанада оның бағасы ? 4 мың теңге. Жыл басынан бері Астана аумағында барлығы 78 қылмыстық іс қозғалды, оның 56-сы - заңсыз есірткі бизнесіне қатысты болды. Сондай-ақ есірткі саудасымен айналысатын 15 ошақ, 1 есірткі притоны және 3 есірткі арнасы жойылды. Заңсыз айналымнан 85 килә 506 грамм есірткі алынды, оның 7 киләдан астамы - героин. Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-шы бабына сәйкес (есірткі заттарын сақтау) 69 адам ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал аталмыш бапқа енгізілген өзгерістерге сәйкес, Астана қалалық Әкімшілік сотының шешімімен тағы 25 адам 2-ден 10 тәулікке дейін абақтыға жабылды.