Астанада үздік әлеуметтік жобалар анықталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада «Үздік әлеуметтік жобалар» байқауының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл  сәуірде «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауы жарияланды. Бұл байқау «Нұр Отан» партиясы мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, қалалық әкімдік пен бизнес қауымдастықтардың қолдауымен жүзеге асырылды. Шара биыл осымен бесінші рет өкізілді. Осы орайда, 20 сәуір мен 30 маусым аралығында партияның Астана қалалық филиалына байқауға қатысуға ниет білдірген ұйымдардан 20-дан астам өтініш келіп түсті.

«Нұр Отан» партиясы Астана филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеевтің айтуынша, жобалар негізіне мақсатты аудиторияларға арналған. Жыл сайын байқауға қатысушылар саны артып келеді.

«Мәселен, өткен жылдары 7-8 жоба болса, биыл 20-ға жетті. Енді алдағы жылы олардың саны 40-қа жететінін сеніммен айта аламын», - деді В. Сергеев.
 

Сонымен, үшінші орынды «Олимпионик» әлеуметтік қоры» ҚҚ жеңіп алды. Жоба «Біздің ауланың чемпиондары» деп аталады. Қордың мақсаты - балалар арасында спортты кеңінен насихаттау.

 Ал екінші орын «GreenTAL» әлеуметтік шеберханасына бұйырды. Кәсіпорын бөлме жиһаздарын, ағаштан жасалған түрлі бұйымдарды жасау, киім тоқу ісімен айналысады. Осы жерде жұмыс істейтін 40-қа жуық қызметкердің жартысынан астамы әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдарды құрайды.

Байқау жеңімпазы атағы «Ардагер» ҚҚ-ға берілді. 20 жыл қатарынан белсенді жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық қор көрсететін қолдау қызметі тегін жүзеге асырылады. Осы орайда зейнеткерлер мен қарт адамдарға қолдау шаралары тұрақты жүргізілуде.