Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтуде

None
АСТАНА. 6 сәуір. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановтың төрағалық етуімен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтуде.

 Бүгінгі мәжіліс барысында Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясы күн тәртібінің жобасын талқыға салады. Күн тәртібі Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы туралы келісіміне қол қойылғанына 20 жыл және осы ұйымның құрылғанына 10 жыл толуына арналған.

 Сондай-ақ бүгін ұйымға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің мәжілісі өтіп, онда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің өзекті деген жаһандық және аймақтық проблемаларға қатысты түбегейлі ұстанымдары сөз болады. Сонымен қатар тараптар ұжымдық қауіпсіздікпен байланысты өзге де өзекті деген проблемалар мен оларды шешу жолдарына қатысты, сырттан қауіп туған жағдайда ұжымға мүше елдер арасында ауызбіршілік таныту жөніндегі мәселелерді де ортаға салмақ.

 Сыртқы істер министрлерінің басшылары аталғандармен қоса, Ауғанстаннан туындайтын қауіп-қатерлеге қарсы тұру, Тәжікстанмен шекараны нығайту, қауіпсіздік шараларына қолдау көрсету жөніндегі халықаралық күштердің жүктерін тасымалдауды ұйымдастыру сияқты міндеттерді де сөз етпек. Мәжіліске қатысушылар Таяу Шығыс пен Батыс Азиядағы және Солтүстік Африкадағы шиеленісіп отырған жағдайларға баға береді.

 Бүгінгі мәжілісті Қазақстанның Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ашып, оған қатысушылардың жұмысына сәттілік тілеп, мәжілістің шағын құрамда өтетіндігін айтты. «Бұл өз кезегінде бүгінгі мәжілістің күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелер бойынша жан-жақты пікір алмасуға мүмкіндік береді», - деді Е.Қазыханов.