Астанада веложол инфрақұрылымын дамыту бойынша жоба жүзеге асады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласының әкімдігі ғимаратында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Астана қаласының әкімдігі арасындағы веложол инфрақұрылымын дамыту саласындағы өзара әрекет ету туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімі аппаратының баспасөз қызметі.

Келісім шеңберінде елордада велосипедтерді жалға берудің автоматтандырылған пункттері жүйесін құру және дамыту бағытында білескен жұмыс жүргізілмек. Басты мақсат - автокөлік пен қоғамдық көліктің баламасын ұсыну, қала тұрғындары мен қонақтары үшін тәулік бойы қолжетімді болатын велокөліктерді қолдануға мүмкіндік беру.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ қаржылық қолдауы арқасында жүзеге асады. Жалпы велосипедтерді жалға беру жүйесі мынандай негізгі артықшылықтарға ие:

* Салауатты өмір салты

1. Азаматтарды спортпен айналысуға үгіттейді

* Қызметтің қолжетімділігі

2. Кез келген адам велосипедті өзіне ыңғайлы уақытта алуға құқылы.

* Экология

3. Қоршаған ортаның ластану деңгейін азайтады.

* Көлік қозғалысы

4. Қаладағы көлік кептелістерін жоюға, қоғамдық көліктің дамуына,

автотұрақтарда орындарды босатуға септігін тигізеді.

Стансалар Астананың халық көп жиналатын жерлерінде орналасады. Қызмет ақысы екі бөліктен құралады - абонемент төлемі және жалға алудың ақысы. Абонементті жобаның ғаламтордағы бетінде сатып алуға болады. Мұнда, сонымен қатар, жүйенің жұмысы, тұрақтардың орны мен тарифтер туралы толық ақпарат беріледі.

Меморандум бекіту аталмыш жобаны іске асыру жолындағы алғашқы әрі маңызды қадамдардың бірі болып табылады.