деп хабарлайды ҚазАқпарат «Қазақ әуендері» АҚ-ына сілтеме жасап.
Шараның негізгі мақсаты - кейінгі жас буынды ұлттық рухани құндылықтарға тәрбиелеу, отандық композиторлар мен ақындардың шығармашылығын қолдау, орындаушылардың кәсіби шеберліктерінің өсуіне ықпал жасап, жас дарын иелерінің қатарын толықтыру.
Биылғы байқауға Қазақстанның әр аймақтарындағы 86 композитор қатысып, олардың 200-ге тарта шығармалары қаралды. Бұл шығармалар бірнеше аталымдар бойынша іріктеліп алынады. Атап айтқанда Отан, ел, жер туралы әндер «Атамекен» аталымы бойынша, ұлттық рухани құндылықтар, ерлік пен елдіктің тарихи шежірелі беттері, қасиетті де қастерлі тұлғалар туралы әндер «Аманат» аталымы бойынша, әскери тақырыптағы әндер «Ән сал, сарбаз!» және Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған «Елдің ері - Бауыржан» аталымдары бойынша үздік туындылар таңдалады.
Байқау жас ұрпақтың бойына Отанға деген шексіз махаббатқа қозғау салып, қазақтың тарихи және рухани құндылықтарын бағалауға өзіндік үлес қосып келеді.
Әділқазы алқасы мемлекеттік органдардың, шығармашылық одақтардың, мәдениет пен өнер саласының белді өкілдерінен құралған.
Мәдени шара Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қазақ әуендері» АҚ ұйымдастыруымен өткізіледі.