Байқау жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері арасында өтуде. «Біз - сенің балаларыңбыз, Қазақстан! Біз жаңа әлемде өмір сүреміз!» атты бүкілқазақстандық іс-шара аясында ұйымдастырылған бұл конкурс ҚР Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған.
Жыл сайын ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен өтетін бұл іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Білім және ғылым вице-министрі Махметғали Сарыбеков қатысты.
«Бүгін Қазақстанның барлық облыстарында «Менің Қазақстаным!» деген тақырыппен әр түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Себебі, бұл ай Елбасымыздың үкімімен - патриотизм айы деп жарияланды. Ал «Таң Шолпан» байқауы болса, осы патриотизм айының алғашқы қадамы десек те болады», - деп атап өткен М. Сарыбеков, байқаудың негізгі мақсаты - шығармашылық әлеуеті жоғары жастарымыздың талантын сыртқа шығаруға көмектесіп, қабілетін көрсету екендігін атап өтті.
«Жыл бойында жас жеткіншектеріміз дайындалды, байқауға қатысуға асықты, оның басталуын асыға күтті. Мұның өзі байқаудың өзіндік орны қалыптасқандығын көрсетіп тұр», - дейді вице-министр.
ҚР халық әртісі, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаеваның айтуынша, «Таңшолпан» жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі байқауға айналып келеді. 2006 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан бұл іс-шараға 10-18 жас аралығындағы 150-ден астам жас жеткіншектер қатысуда.
Байқаудың ашылуында сөз алған А. Мұсақожаева жас өнерпаздарға, «өнер аясындағы осындай байқаудың ұйымдастырылып отырғанын мен өте құптаймын, ертеңгі күні осы жас дарындарымыз өнер әлемінде де үлкен жетістіктерге жетеді деген ойдамын», - деп сәттілік тіледі.