Астанада вирустық гепатиттердің алдын алу айлығының қорытындысы шығарылды

АСТАНА. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Вирустық гепатиттердің алдын алу айлығы аясында №4 қалалық емханада семинар болып өтті. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады.

Семинарда гепатиттердің алдын алудың өзекті мәселелері, вирустық гепатит маркерлерінің интерпретациясы, гепатологиялық орталықтың бастапқы медициналық-санитарлық көмекпен байланысы, дау-дамайларды шешу жолдары сөз болды. Іс-шараға қатысушылар семинарда алған ақпаратты одан әрі халықпен жұмыс істеу барысында қолданылатын болады.

Еске салайық, 28 шілдеден бастап қаланың барлық медицина ұйымдарында вирустық гепатиттердің алдын алу бойынша айлық өткізілді. Іс-шара барысында халықпен семинарлар, лекциялар, тренингтер өткізілді, консультациялар беріліп, ақпараттық материалдар таратылды. Барлық қалалық БМСК Ашық есік күндерін өткізді. Іс-шараларды Астана қаласының Денсаулық сақтау басқармасы, Салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы, № 4 қалалық емханасы және гепатологиялық орталық ұйымдастырды.