Инновациялық технология қала тұрғындарына қоғамдық орындарда тегін Интернетті пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл туралы pm.kz сайты жазады
«OpenWiFi» жобасы қоғамдық орындарда сымсыз WiFi технологиясының көмегімен Интернетке қосылуға мүмкіндік беретін қалалық желі құруға бағытталған. Бұл жоба қала тұрғындары мен қонақтарын заманауи қызметтермен қамтамасыз етеді», - деп атап көрсетті жоба жетекшісі Қайрат Ахметов рm.kz сайтына берген сұхбатында.
«OpenWiFi» ұлттық желісі Астана тұрғындары көп жиналатын қоғамдық орындарды қамтитын болады. Интернетке қосылудың тегін, арна жылдамдығы тұрақты болатынын айта кету керек.
Мұның барлығы желі жұмысын және оған түсетін жүктемені бақылайтын инновациялық биллинг жүйесінің арқасында мүмкін болып отыр.
«Биллинг дегеніміз - WiFi желісін басқаратын, тұтынушылардың барлығына 256 Кбит/сек жылдамдықпен Интернетке теңдей қосылу мүмкіндігін беретін платформа», -дейді Қ.Ахметов.
Жоба жетекшісінің айтуынша, қазіргі таңда Астанада «OpenWiFi» тегін желісімен жарақталған 9 қоғамдық орын бар және келешекте олардың саны көбеймек. Оның үстіне, бұл желімен Қазақстанның басқа қалаларын да қамту жоспарлануда.
Технологиялық бизнес-инкубация бағдарламасын ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі 2010 жылы іске асыра бастады. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау тетіктерінің бірі болып табылатын бағдарламаның операторы - «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ.
2011 жылы бағдарламаға қатысуға 209 өтініш беріліп, соның ішінде технологиялық бизнес инкубация үшін 40 жоба іріктелді. Астана қаласының атынан берілген жобалардың қатарында «The One Capital» ЖШС-нің«Open WiFi» жобасы бар.