Астанада XI дельфий ойындарының жеңімпаздары анықталды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада XI дельфий ойындары мәреге жетті. Үш күндік сайыс барысында үздік атағына ие болу үшін 200-ден астам жас талант бақ сынасты, деп хабарлайды astana.kz.

Шара қаланың бес шығармашылық алаңында - Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-інің концерт залы, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ сәулет-құрылыс факультетінің концерт залы, ҚазҰӨУ-інің «Шопен» залы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ архитектура кафедрасы және ҚазҰӨУ-інің Жамбыл Жабаев атындағы залында өтті. Дельфий ойындарының қатысушылары 12 номинация бойынша өнер көрсетті: бейнелеу өнері, фортепиано, ұлттық аспаптар (қобыз және домбыра), қазіргі заман және ұлттық билер, эстрадалық вокал, театр, сәндік-қолданбалы өнер, фотография, киім дизайны, қысқаметражды кино және бейнебаян. Сонымен, қорытынды бойынша бейнелеу өнері номинациясында ересек балалар тобы бойынша Бозтай Әкімхан, жасы кіші балалар тобында Жарова Шолпан жеңімпаз атанды. Сәндік-қолданбалы өнер (кіші топ) - Әкімжанова Балжан; фотография бойынша Жантілеу Нұрбек топ жарды. Ал ұлттық билерден (кіші топ) "Пиала" биімен "Жемчужинки" ұлттық би ансамблі, қазіргі заманғы би бойынша "Бүркіт" биімен (кіші топ) "Эдельвейс" би ансамблі басқалардан озық шықты. Эстрадалық вокалда ересек балалар тобында Құсайынова Әйгерім; кіші топ Мұқатаева Назым өнерімен тәнті етті. Ал театрлардан "Тағылым тамшылары" театр студиясы; қысқаметражды кино, бейнебаянда Сәрсенов Бақытжан; домбыра (кіші топ) - Тапалов Нұрдәулет; киім дизайны бойынша Тынышбек Нұрлыайым жеңімпаз болды. Еске ала кетейік, Дельфий ойындарын өткізудегі басты мақсат - талантты жастарды анықтау, мәдени әлеуетті сақтап, дамыту, жас таланттарды мәдениет пен өнердің озық үлгілерімен тәрбиелеу, жастар шығармашылық ұжымдарының кәсіби деңгейлерін арттыру, оқу орындары арасында жан-жақты, кәсіби және мәдени байланыстар орнату, жастар шығармашылық ұжымдары мен жеке әртістерге шығармашылық әлеуеттерін жүзеге асыруға мүмкіндік беру.