Сессияның ашылуында Иманғали Тасмағамбетов ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағанын атап өтті. Қала басшысы жұртшылықты елімізде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға шақырды. «Осы бейбітшілік пен келісімнің арқасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен біз Тәуелсіз Қазақстанды құрдық. Бұл еліміздің әрбір патриотының еңбегі», - деді И.Тасмағамбетов. Отырыста Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын өткізу аясындағы іс-шаралар жоспары талқыланды. Сессия жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, ҚР Парламентінің және Астана қаласы мәслихатының депутаттары қатысты. Е.Тоғжанов Ассамблея мүшелерінің атынан бейбітшілік пен келісімді нығайтқаны үшін Астана қаласының әкімі Иманғали Нұрғалиұлына алғысын білдірді. Сондай-ақ ол Лондон қаласында қазақстандық Бейбітшілік пен келісім орталығы ашылғанын атап өтті. Сессия барысында ынтымақ пен мәдениаралық байланысты нығайтқандары үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері марапатталды. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық «Бірлік» алтын медалімен» Қазақстанның ұйғыр республикалық мәдени орталығының Астанадағы филиалы төрағасының орынбасары Мұрат Тоқтыбаев пен «Оберег» украиндер қауымдастығының төрайымы Тамара Ширмер марапатталды. Ал ҚХА Құрмет грамотасын «Хазар» әзербайжан этномәдени қауымдастығының төрағасы Видади Агаев және Астана қаласындағы түрік этномәдени қауымдастығының төрағасы Аскер Пириев иеленді. «Злата» болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ольга Андриевскаяға, «Барбанг» күрдтер қауымдастығы төрағасының орынбасары Мәлік Садықовқа, «Вайнах» этномәдени бірлестігінің мүшесі Башир Сослановқа, корей этномәдени бірлестігінің концертмейстері Ләззат Хамзинаға, Астана қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Юлия Шаповалға Алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар «Возрождение» немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Наталья Берг, «Қырғызстан-Астана» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Минавархан Мамаева және «Ван» армян қоғамы» қоғамдық бірлестігі жексенбілік мектебінің директоры Айастан Мнеян Астана қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттар алды. Айта кетейік, 2015 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы «Астана - бейбітшілік пен келісім қаласы» ұранымен өтеді.
23:09, 17 Қыркүйек 2014
Астанада ынтымақ пен мәдениаралық байланысты нығайтқан ҚХА мүшелері марапатталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елорда әкімдігінің үлкен залында қала әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың қатысуымен «Қазақстандық отансүйгіштік контексіндегі Астана феномені: көпұлтты және көпконфессиялық қоғамның табысы» тақырыбында Астана қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІV сессиясы өтті, деп хабарланған елорда әкімдігінің ресми сайтында.