Астанада ЮНЕСКО кеңесiнiң мүшелерi ұлы дала көшпендiлерiнiң мәдениетiне таңданыс бiлдiруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық І кеңесіне келген делегаттар «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалінде болды.

Көшпендiлердiң көне дәстүрi жаңғырып, ежелгі кәсіп жанданған этноауылдағы бағдарламаны тамашалауға ағылып келген меймандар ат құлағында ойнаған қазақ жiгiттерiнiң өнерiне тәнтi болды. «Номад» актерлiк тобы әлемнiң әр түкпiрiнен келген делегация мүшелерiне қазақтың ғана емес, түбi бiр түркi жұртының ұлттық спорт пен ойын түрлерiн көрсеткенде таңдай қақпаған жан болған жоқ. Темiрдi илеп иетін, ағаштан түйін түйетін ұсталардың көздiң жауын алатын өнері мен зергерлiк бұйымдары да үлкен қызығушылық тудырды.

Ұлттық мәзірден дәм татысқан барша қонақ қазақ мәдениетiн танып, бiлiсiп жатты. Ұлы даланы мекендеген ұлттардың тарихы мен мәдениетін паш ететін сахналық қойылымдар мен ән мен жыр кештері көптеп көрініс берді.

«Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығы алдындағы алаңға 50-ге жуық ақшаңқай киіз үй тігіліп, тұтас бай ауылы көшіп келгендей болды. Байқағанымыз, қазақтың ұлттық мәдениетімен танысамын деген ниетпен атағы алысқа кеткен елдерден меймандар арнайы келiптi. Бұл да қазақтың әлемдік қауымдастық алдында артып келе жатқан абыройының бір көрінісі болар.

Еске сала кетейiк, бүгін елордада ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық І кеңесі өз жұмысын бастады. Шараға ЮНЕСКО-ның барлық бес өңірлік топтарынан, атап айтқанда, Араб мемлекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінен 125 мемлекеттің Ұлттық комиссияларының өкілдері келген.

Кеңес аясында сегіз қазақстандық нысанның (Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген, Талғар және Жамбыл облысындағы Ақтөбе (Степнинское), Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек) Қырғызстан және Қытай тараптарымен бірге дайындалған «Ұлы Жібек жолы: Жібек жолының бастапқы бөлігі, Тянь-Шань дәлізі бағыттарының жүйесі» жөніндегі сериялық трансшекаралық номинациясының ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілуіне, сонымен қатар екі қазақстандық табиғи резерваттардың - «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағының ЮНЕСКО Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне енгізілуіне байланысты арнайы сертификаттарды табыстау салтанаты өтті.

Сонымен бірге ЮНЕСКО Бас директоры И.Бокованың шешіміне сәйкес Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов ЮНЕСКО мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың нығаюына, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы мұрасын сақтауға аса көрнекті үлес қосқаны үшін Ұлттық комиссиясының Құрметті медалімен марапатталды.